Жүргізушілер үшін қажетті электронды қызмет іске қосылады

Алдағы уақытта көлік жүргізушілер сақтандыру полисі мен техникалық байқау мерзімінің аяқталатыны туралы ақпаратты мобильді қосымшадан көре алады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 4 мамыр – Sputnik. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин көлік жүргізушілері үшін тағы бір электронды қызметтің іске қосылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, бүгінде әлеуметтік желілер арқылы сан алуан ұтымды ұсыныстар түсіп жатады. Соның бірі Twitter арқылы түскен.
"Таңертең оянып, Twitter-ді ашсам, бір кісінің сұрағын көрдім. Неге жол-патрульдік полиция қызметкерінің планшетінде көлік жүргізушінің сақтандыру полисі мен техникалық байқау мерзімі аяқталатыны туралы ақпарат шығады, ал eGov Mobile қосымшасында жоқ? Біз оны да жасап, енгіземіз", - деді Мусин мәжілістің пленарлық отырысынан кейінгі брифингте.
Осылайша көлік жүргізушілер де сақтандыру полисі мен техникалық байқау мерзімінің аяқталатыны туралы ақпаратты мобильді қосымшадан көре алады.
"Барлық ұсынысты көріп үлгермейімін. Бірақ "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-ы мен министрлік мамандары бәрін бақылап отырады", - деп атап өтті Мусин.
Айта кетері, eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы 400-ге жуық мемлекеттік қызмет пен сервисті қолдануға болады. Цифрлық құжаттар да бар. Жыл соңына дейін мемлекеттік қызметтің 80 процентін қосымшаның көмегімен алуға мүмкіндік болады.