Өңірлер

Фермер бақташыны көлікпен басып өтті – видео

Жәбірленушінің тоғыз қабырғасы мен жауырыны сынған
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 4 мамыр – Sputnik. Талдықорғанда фермер қол астындағы жұмыскерін сабап тастады. Оған дейін көлікпен қағып, үстінен басып өткен, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ішкі істер органдарына сілтеме жасап.
Полиция 43 жастағы қала тұрғынын ұстады. Жәбір көрген ер адам фермада отбасымен бірге тұрған. Ол кәсіпкердің малын бақты. 2 мамыр күні екеуі сөзге келіп қалды.
Жанжалдан кейін бақташы әйелі мен кәмелет жасқа толмаған балаларын алып, фермадан кетемін деп шықты. Сол кезде күдікті оны Lexus-470 көлігімен қуып барған. Фермер оны көлігімен басып өтті деген күдік бар. Одан кейін шығып, тағы ағаш таяқпен ұрған.
Дәрігерлер гемопневмоторакс анықтады. Ондайда адамның кеудесінде қан жиналып қалады. Бұдан бөлек, тоғыз қабырғасы мен жауырыны сынған. Оны облыстық ауруханаға жатқызды.
"Күдікті қамауға алынды. Медициналық сараптама оның жеңіл түрде мас болғанын көрсетті", - дейді полицейлер.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 106-бабы (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.
Осы қылмыс үшін үш жылдан сегіз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.