Қоғам

Жамбылдағы жарылыс: прокурордың қабіріне стела орнатылды

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 3 мамыр – Sputnik. Тараздағы жарылыстар кезінде қаза тапқан әскери прокурор, әділет полковнигі Арман Қапезовтың қабіріне стела орнатылды. Марқұм Нұр-Сұлтан қаласында жерленген болатын, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан бас прокуратураның ресми сайтына сілтеме жасап.
Бүгінгі шараға бас прокуратура мен әскери прокуратуралардың басшылары, марқұмның әріптестері, туыстары мен жақындары қатысты. Қатысушылар Арман Капезовтің жеке және кәсіби қасиеттерін - адалдығын, әділдігін, әдептілігін, оптимистік көзқарасы мен өмірге деген құштарлығын ерекше атап өтті.
2021 жылы 26 тамыз күні Жамбыл облысындағы Байзақ ауданында орналасқан 28349 әскери бөлімшеде өрт шықты. Әскери прокурор Арман Қапезов бірден әріптестерімен оқиға орнына аттанды.
Барған бойда бірден батыл әрекет жасап, өрттің қаншалықты қауіпті екенін зерделеуге кірісті, қажетті ақпарат жинады. Өртке жақын жүруге тура келді. Содан жарылыс салдарынан қайтыс болды.

"Әріптесіміз прокуратураға 24 жыл өмірін арнаған екен. Қатардағы қызметкерден басшы лауазымына, лейтенанттан полковник арнайы атағына дейінгі дәрежеге жеткен. Әріптестерінің ортасында сыйлы, беделді бола білді", - дейді прокурорлар.

Олар Қапезовтың отбасына қолдау мен көмек көрсетуге дайын.
"Оның батылдығы мен ержүректілігі әрбір прокурор үшін, әсіресе жас қызметкерлерге үлгі болары сөзсіз", - дейді әріптестері.
Арман Қапезов төтенше жағдайдағы ерлігі мен қайсарлығы үшін мемлекет басшысының жарлығымен I-дәрежелі "Айбын" орденімен наградталды. Марапат оның отбасына табысталды.
Айта кетері, стела белгілі бір оқиғаға байланысты қабір басына ескерткіш ретінде қойылады. Тасқа марқұмның қандай жағдайда қаза тапқаны туралы жазылады.