НҰР-СҰЛТАН, 3 мамыр – Sputnik. Литий-ионды және литий-полимерлі батареясы бар смартфон жоғары температура әсерінен киім қалтасында да жанып кетуі мүмкін. Бұл туралы РИА Новостиге SafeNet Ұлттық технологиялық бастама өңірлік инжинирингтік орталығының директоры Денис Кувиков айтып берді.
"Аккумулятордың кейбір түрі жоғары температура әсерінен тіпті киім қалтасында-ақ жануы немесе ісінуі мүмкін... Егер мобильді құрылғы батареялардың ең көп таралған түрлері болып саналатын литий-ионды немесе литий-полимерлі батареядан қуат алса, жылу бөлініп, батареяның өздігінен тұтану қаупі бар", - деді сарапшы.
Сонымен қатар, Кувиков экранның жарық деңгейін мұқият бақылауды, ішкі баптауларды реттеуді, атап айтқанда, Bluetooth және GPS-ті сөндіруді және қосымшалардың автоматты жаңартылуын өшіруді ұсынды.
Сондай-ақ Wi-Fi модулін өшіру керек. Өйткені интернетке қосылу нүктелерін үнемі іздеу салдарынан құрылғы ысып кетеді.
"Құрылғыны ыстықта қорғау үшін смартфонды тікелей күн сәулесінен алыс ұстау керек. Сонымен қатар ауа айналымына кедергі келтіретін қалың қаптама пайдаланбаған абзал. Бір уақытта жұмыс істейтін қосымшалар санын азайтыңыз. Себебі бұл да қызып кетуге әкелуі мүмкін", - деді Кувиков.
Ол түпнұсқа қуаттау құрылғыларын пайдалану керектігін айтты. Себебі арзан баламаны қолдану смартфонның қызып кетуіне әсер етеді. Сонымен қатар, гаджетті тез "салқындатуға" тырыспау керек. Өйткені мұндай әрекет салдарынан қалта телефоны бұзылып қалуы ықтимал.
Сарапшы қорғаныс қаптамасын шешіп, қосымшалар мен мобильді интернетті өшірген соң, смартфонды салқын жерге қойған дұрыс екенін айтты.