НҰР-СҰЛТАН, 3 мамыр – Sputnik. Ақмола облысы полиция департаментінің жаңа басшысы тағайындалды.
"Ішкі істер министрінің бұйрығымен полиция полковнигі Думан Таев Ақмола облыстық полиция департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы қызметіне тағайындалды", - делінген ІІМ хабарламасында.
Жаңа қызметке кіріскен басшы алдымен учаскелік полиция пунктерін аралап шықты. Одан кейін Көкшетау қаласындағы стационарлық бекеттерге барды.
Бүгінде полиция қызметінің сервистік моделін іске асыру шаралары атқарылып жатыр. Осы орайда полиция пункттерінің жұмысына басымдық беріледі.
Облыстың бас полицейі вокзал маңайында орналасқан 4 учаскелік полиция пунктіне барып, тәртіп сақшыларының жұмысын көріп қайтты.
Думан Таев 1967 жылы 13 наурызда Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. СҚО ішкі істер департаменті бастығының орынбасары болды. Одан кейін ішкі істер министрлігі криминалды полиция департаментінің бастығы қызметін атқарды.