НҰР-СҰЛТАН, 3 мамыр – Sputnik. Ақтау қаласының тумасы Жәнібек Жарасұлы Африкадағы балалар үшін құдық қазуға бір миллионнан астам теңге жинауға көмектесті. Қазақ-түрік лицейінің түлегі Стамбулда оқуын жалғастырып жүр.
"Бір рет "Африкалық медреседегі балаларды қолдау" жобасы туралы естіп қалдым. Содан өзімді кінәлі сезіндім бе, аяушылық болды ма, білмеймін, әйтеуір, көмек беруге асықтым. Бәрін зерттеп, ақша жинауға кірістік. Көмек бергендердің басым бөлігі – менің достарым", - дейді Жарасұлы.
Оның айтуынша, ақша жинау шараларын бір қыз ұйымдастырған. Ол өз есімін атамауды сұраған.
Әлеуметтік желілер арқылы хабарласқан адамдар да болды. Он күн ішінде 1 111 111 теңге жиналды, деп хабарлады Lada.kz.
Камерундағы ауызашарға 620 бала қатысқан. Барлығы ауылда тұрады. Олар жаңа құдықты көргенде қатты қуанған.
"Шынымды айтсам, ақша жинағанда қатты алаңдадық. Алайда қолға алған бастамамызды орындадық. Ұлт пен ұлысқа қарамастан, ізгілік пен жақсылық жасауға болатынын дәлелдедік. Видеодан балалардың бақытты екенін көріп, жүрегім дір етті. Олар су мен тамаққа қуанып отыр. Біз кей кезде қанағат дегенді ұмытамыз, бақытты бола алмаймыз. Бұл балалар маған бір нәрсені ұғындырды - ештеңеге қарамай, білімге ұмтылу керек", - деді Жәнібек Жарасұлы.
Құдыққа ақша жинаған жастар осы бастаманы қолдаған барлық жақындары мен туыстарына алғысын айтты.