Мажарстан билігі "Жаңа Қазақстанды" құру бағытын қолдайды – СІМ

Тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 2 мамыр – Sputnik. Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың Будапештке сапары барысында Қазақстан мен Мажарстан арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту перспективалары, "Жаңа Қазақстанды" құру бағыты және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды.
Мажарстанның сыртқы саяси ведомствосы мемлекеттік хатшысының орынбасары Андраш Барани Василенкомен бірге екі министрлік арасындағы саяси консультациялардың кезекті раундын өткізді.
"Тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Сонымен бірге екіжақты іс-шаралардың кестесі, оның ішінде Мажарстанның сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийартоның Қазақстанға алдағы жұмыс сапары және жоғары деңгейдегі байланыстар қаралды", - деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.
Василенко екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына және "Жаңа Қазақстанды" құру жөніндегі реформаларға арналған "дөңгелек үстел" жұмысына қатысты.
"Мажар спикерлері әріптестіктің 30 жылы ішінде қол жеткізілген екіжақты қарым-қатынастардың жоғары деңгейін атап өтті, сондай-ақ еліміздегі саяси реформалардың жаңа бағытына қолдау білдіріп, "Жаңа Қазақстанды" құру жөніндегі президенттік бағдарламаның ерекше өзектілігі мен уақтылығын атап өтті", - деп нақтылады министрлік.
2021 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы өзара сауда көлемі 138,7 миллион долларды құрып, 2020 жылғы көрсеткіштерден 19% асып өтті. Қазақстандық өнімнің Мажарстанға экспорты 15,4 миллион долларды (40% - ға өсу), ал Қазақстанға мажарстандық импорт - 123,3 миллион долларды құрады (өсім 16,3%).
Мажарстаннан Қазақстан экономикасына тікелей инвестициялар көлемі 2005 жылдан бастап 270 миллион долларды құрады. Қазақстанда 30-ға жуық мажар компаниясы жұмыс істейді, оның ішінде "MOL", "Gedeon Richter", "Egis" және т. б.
Дипломаттар Қазақстан-Венгрия қарым-қатынастары ынтымақтастықтың барлық спектрі бойынша одан әрі дами беретініне сенім білдірді.