Елорда тынысы

Нұр-Сұлтан әкімі: елорда жаяу жүргіншілер үшін қолайлы болады

Осы жылы Нұр-Сұлтан әкімдігі 200-дан астам аула мен қоғамдық жерлерді абаттандыруды жоспарлап отыр
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 1 мамыр — Sputnik. Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов қаланы жаяу жүргіншілер үшін қолайлы етуге уәде берді.
"Бұл демалуға, серуендеуге және спортпен шұғылдануға арналған орындар құруға мүмкіндік береді. Бүгін қаланы аралау барысында алдағы уақытта абаттандыратын және дамытатын орындарды көріп қайттым. Абаттандыру жұмысы қаланың барлық ауданында, әсіресе тұрғын үй массивтерінде жүріп жатыр", - деп жазды әлеуметтік желіде Алтай Көлгінов.
Алматы ауданында, атап айтқанда Момышұлы мен Төлебаев көшелерінің қиылысындағы осыған дейін қараусыз қалған орынды әкімдік "Жерұйық-2" саябағына айналдыруды жоспарлап отыр. Күні кеше мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Бірлік күні мерекесі қарсаңында Көлгінов қала тұрғындары және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен бірге гүлзар орнатып, ағаш отырғызды.
"Биыл жазғы маусымда осы жерде волейбол және баскетбол алаңдарын, жүгірге арналған жол, ворк-аут аймағын, серуендеу инфрақұрылымын және демалыс аймағын салуды жоспарлап отырмыз", - деді әкім.
Ол бұған дейін салынған басқа да саябақтарға күтім жасау, оларды ары қарай абаттандыру жұмысымен айналысудың маңыздылығын атап өтті.
"Өзен жағасындағы саябақта ("Городской романс" тұрғын үй кешені жағында) бұған дейін балалар мен ересектерге арналған бірнеше аймақ абаттандырылды: мұнда 2 қабатты шолу мұнарасы, "питон" ойын алаңы (арқан конструкциясы), төбешіктер, үлкен құм аумағы, түрлі ойын элементтері ашылды. Биыл да аумақты көгалдандыру жұмысын ары қарай жалғастырып жатырмыз, соның ішінде алма ағаштарын отырғыздық. Бұл ағаштар келесі жылы алғашқы жеміс беруі керек", - деп жазды Көлгінов.
Біраз бұрын Көктал елді мекенінде аумағы 16 гектар болатын саябақ ашылған. Қоғамдық кеңістік үш үлкен аймаққа бөлінген: тыныш демалыс аймағы – ол жерде ашық аспан астында кинотеатр ұйымдастыруға болатын амфитеатр орнатылған, жас жұбайлар неке қию рәсімін өткізе алатын ротонда және демалыс пен спорт аймағы бар.
Биыл Нұр-Сұлтан әкімдігі 200-ден астам аула мен қоғамдық жерді абаттандыруды жоспарлап отыр. Олардың ішінде саябақтар, гүлзарлар мен бульварлар бар.