Мызғымас бірліктің арқасында сын-қатерлерді еңсеріп келеміз - президент

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды 1 мамыр мерекесімен құттықтады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 1 мамыр — Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Бірлік күні мерекесімен құттықтайды, деп хабарлайды Ақорда.
"Сіздерді Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Мамырдың осы мамыражай мерекесі – еліміздің тұтастығы мен ырыс-ынтымағының символы. Достық пен өзара түсіністік дәстүрлері халқымыздың сана-сезімінде берік орныққан. Бұл қасиеттер берекелі өмірдің, бейбітшілік пен келісімнің өзегі болып отыр", - делінген президент құттықтауында.
Ол тағыдырдың жазуымен кең байтақ қазақ жерінде тоғысқан әр алуан мәдениеттер тұтаса келе ұлттық бірегейлігіміздің ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтті.
"Біздің мақсатымыз бір, құндылықтарымыз ортақ. Мызғымас бірліктің арқасында қиындықтан қаймықпай, жаһандық сын-қатердің бәрін еңсеріп келеміз. Бүгінде Жаңа Қазақстанды құру бастамасы бүкіл қоғамды ұйыстыруда. Бұл идея ел азаматтарының жасампаздық қуатынан бастау алады. Мемлекетімізді жан-жақты жаңғыртуға әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз керек", - деді мемлекет басшысы.