НҰР-СҰЛТАН, 30 сәуір — Sputnik. Петропавлда газбен жүретін автокөлік жарылып кетті, деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
"30 сәуірде сағат 07:26-да өрт сөндіру қызметінің 101 телефонына Чайковский көшесі, 4 мекенжайында газбен жүретін Audi жеңіл автокөлігі жанып жатқаны туралы ақпарат келіп түсті. Өрт сөндірушілер жеткенген дейін газ баллоны жарылып кетті. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ", - деп хабарлады төтенше жағдайлар департаменті.
Сағат 07:40-та бір өрт сөндіру машинасы мен алты адамнан құралған кезекші қызметкерлер жалынды сөндірді.
Алдын ала болжам бойынша, электр сымының қысқа тұйықталуы өртке алып келген.
Әлеуметтік желіде қала тұрғындары жарылыс күшінен жақын маңдағы үйлердің терезесіне сызат түскенін жазды.
Төтенше жағдайлар департаменті автокөліктің электр жабдығына уақытылы диагностика жүргізу қажеттілігі туралы ескертті. Себебі көп жағдайда жанармай жүйесіндегі ақау мен қысқа тұйықталу көліктің өртенуіне алып келеді. Автокөлік 5-7 минут ішінде толығымен жанып кетеді.