АЛМАТЫ, 29 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында Конституцияға өзгерістер енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Референдум – бұл маңызды демократиялық институт, алайда Қазақстанда референдум соңғы рет 1995 жылы, қолданыстағы Конституция бекітілгенде өткен. Кейін "Республикалық референдум" туралы Конституциялық заң қабылданды. Алайда ол практика жүзінде бірде-бір рет қолданылған жоқ", - деді президент.
Ал Конституцияға содан кейін төрт рет түзетулер енгізілді. Конституцияның бүкілхалықтың дауыс беру арқылы өзгеруі халықтың еркін білдірудің айқын көрінісі деп санаймын, деді мемлекет басшысы.
Айтуынша, референдум әр азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік береді, жан-жақты демократия мен жаңа Қазақстан құру бағдарымызды нығайтады.