НҰР-СҰЛТАН, 29 сәуір – Sputnik. Жаңа Қазақстанды құру үшін жеке және қоғамдық құндылықтарды толығымен қайта қарау керек. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президент жаңа Қазақстан әділетті Қазақстан екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Қазақстан – қазіргі құбылмалы әлемде жалпыұлттық бірізділікті нығайту жолы. Бұл ретте Тоқааев жаңа Қазақстан ұғымын бос сөзге айналдырмауға шақырды.
"Барша азамат ортақ іске жұмылмайынша, мемлекеттік аппарат, қандай да бір саяси шешімдер және экономикалық тетіктер бізді елді жаңарту мақсатына әкелмейді. Жаңа Қазақстанды құру үшін бізге жеке және қоғамдық құндылықтар жүйесін толығымен қайта қарау талап етіледі", - деді Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында.
Оның айтуынша, мемлекет непотизм мен патернализмнің, сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабады.
"Жаңа Қазақстан әділдік аумағына айналуға тиіс", - деген Тоқаев заңды сақтауға үндеді.