НҰР-СҰЛТАН, 28 сәуір – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысының орталығында екі жігіт пен бір қыз полиция қызметкерлеріне жабылды. Әлеуметтік желіде осы оқиғаның видеосы тарап кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Облыстық полиция депаратменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, тәртіп сақшылары рөлге ие бола алмай қалған көлік жүргізушісін ұстаған. Ол Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны болып шықты. 21 жастағы ер адам есірткіден мас болып, гүлзарға шығып кеткен. Тексеріс кезінде екі жас жігіт пен бір қыз патрульдік полиция қызметкерлеріне жабылған.
Әлеуметтік желіде тараған видеодан ер адамның полиция қызметкерінің үстінен шығып алғаны анық көрінеді. Бұзағы қызметтік тапаншаны да алып қоюға тырысқан.
"Тапаншаға тиіспе!" деген сөздер естіледі. Көмекке келген тәртіп сақшылары электр құралды қолданып, басбұзарды құрықтады. Қазіргі кезде барлығы уақытқа қамау абақтысына қамалды.
Қылмыстық кодекстің 380-бабы, 3-тармағы (Билік өкiлiне қатысты күш қолдану, екi немесе одан көп адамға қатысты) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.
Осы бапта жеті жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұдан бөлек, көлік жүргізушісі Әкімішілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы) бойынша жауапқа тартылды.
Оған сәйкес, көлік жүргізушісі 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынады және жеті жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылады.