Қоғам

Қазақстанның алты кәсіпорнында наразылық акциясы жалғасып жатыр

33 акция Маңғыстау облысында, ал біреуі Атырау облысында болған
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 28 сәуір – Sputnik. Қазіргі таңлда Қазақстанның алты кәсіпорнында жұмысшылар наразылық акциясын өткізіп жатыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары – ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, жыл басынан бері елдегі кәсіпорындарда 34 наразылық акциясы өткен. Жұмысшылар жұмысты үш және одан көп сағатқа тоқтатқан.
33 акция Маңғыстау облысында, ал біреуі Атырау облысында болған.
"33 наразылық акциясының 27-ші шешілді, кәсіпорындар жоспарлы режимде жұмыс істеп жатыр. Жұмысшылар мен жұмыс берушілер бітімге келді. Қазір 6 кәсіпорында наразылық акциясы жалғасып жатыр. Әкімдіктер бекітілген алгоритм негізінде шара қабылдауда", - деді Оспанқұлов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Еңбек инспекторы 53 кәсіпорында жағдай бақылауға алынғанын атап өтті. Сондай-ақ жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 306 кәсіпорынның жалақы бойынша 1,6 млрд теңге берешегі бар екенін анықтаған.
Бүгінде қарыздың 1,3 млрд теңгесі өтелді. Осылайша 4 мыңнан астам қызметкердің құқығы қорғалды. Бұдан бөлек, 1500 кәсіпорында 1 миллионнан астам жұмысшының жалақысын 5-50%-ке көтеру бойынша жұмыс жүргізілді.