НҰР-СҰЛТАН, 28 сәуір — Sputnik. Атырау облысының білім басқармасы мемлекеттік сатып алулар порталында пайда болған 1 миллиард теңгеге кабинетке арналған жабдық сатып алу туралы хабарламаға қатысты түсініктеме берді.
Доссор ауылындағы Қанатбаев атындағы орта мектепте қыздарға арналған материалдық-техникалық жабдықталған технология кабинетін сатып алу жоспарланған. Ол үшін 12 миллион теңге қаражат бөлген.
Бірақ "Бірыңғай сатып алулар терезесі" порталына хабарландыруды енгізген маман қате жіберіп, артынша сол қатені өз түзеткен.
"Сатып алулар порталындағы маманның хабарламасы 2022 жылдың 6-14 сәуірі аралығында талқылауда тұрған. Техникалық қате байқаған мектептің экономист маманы 15 сәуірде түзетулер енгізіп, оны 20 сәуірде қайта жариялаған", - деді Мақат аудандық білім бөлімінің басшысы Айбол Долдашев.
Мектеп экономисімен тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ескерту жасалды, деп хабарлады облыстық білім басқармасы.