Өңірлер

Көкшетауда Қопа көлін тазалау жұмыстары 2023 жылы басталады

Министр Көкшетаудағы кәріз-тазалау жабдықтарының тозығы жеткені туралы ескерту жасаған болатын
Sputnik
КӨКШЕТАУ, 28 сәуір – Sputnik. Экология министрі Серікқали Брекешев журналистердің Көкшетаудағы Қопа көліне қатысты сауалына жауап берді. Қопа көлінің ластануы Көкшетаудағы ең өзекті және көп уақыттан бері шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі болып отыр.
Бұл проблема қалада жаңа жағалау пайда болғаннан кейін тіпті ушығып кетті. Ақмола облысының экология департаменті судың құрамында тұз, темір, азот, марганецтің шекті рұқсат етілген нормасы асып кеткенін мойындап отыр. Бұл заттар негізінен кәріз жүйесіндегі ақауларға байланысты су қоймасына түсіп жатыр.
Министр Көкшетаудағы кәріз-тазалау жабдықтарының тозығы жеткені туралы ескерту жасаған болатын. Бұл күрделі жөндеуді немесе жабдықты толық ауыстыруды қажет етеді.
Көкшетауда өткен брифингте белгілі болғандай, ұзаққа созылған Қопа көлін (сонымен қатар Щучье мен Бурабай) тазарту жобасы "Жасыл Қазақстан" ұлттық жобасына енгізілген.
"Бүгінгі таңда жергілікті әкімдік орындап жатқан жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталып қалды. Жобалық-сметалық құжаттама барлық қажетті сараптамадан өткеннен кейін біз көлді тазарту жұмыстарын қаржыландыру мәселесін қарастыру үшін қаржы министрлігіне өтінім жолдаймыз", - деді Серікқали Брекешев.
Қопаны тазарту жобасының болжамды құны 12,1 миллиард теңге екені белгілі болды. Жобалық-сметалық құжаттаманың құны 245 миллион теңге болса, техникалық-экономикалық негіздемені жаңартуға жергілікті бюджеттен 25 миллион теңге бөлінді.
Сонымен қатар журналистер министрден курорттық көлдерді тазарту, Көкшетауда қоқыс өңдейтін зауыт құрылысы, Степногордегі құрамында полихлорланған дифенилдер бар қалдықтар, рұқсат етілмеген қоқыс тастау орындары және тұрмыстық қатты қалдықтарға аналған полигон құру мүмкіндігі, "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" ҚР жаңа Заңына арналған заңға қарасты актілер дайындау мерзімі және басқа да өзекті мәселелерге қатысты сұрақтар қойды.
Брекешевтің айтуынша, Ақмола облысында Қазақстандағы қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеудің 8,7% деңгейіндегі ең төменгі үлесі тіркелген және бұл өңірде рұқсат етілмеген қоқыс тастау орыны көп. Былтыр ғарыштан жүргізілген мониторинг мұндай орын саны 1300-ден асатынын анықтады.
Баспасөз конференциясында хабарлағандай, еліміздің су шаруашылығы саласында 2025 жылға дейін тасқын суды жинақтау үшін алты өңірде тоғыз жаңа су қоймасын салу жоспарланып отыр. Соның ішінде Ақмола облысында 830 миллион текше метрден астам су сақтауға арналған Бұзылық су қоймасы салынады.