НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір – Sputnik. Нұр-Сұлтан тұрғыны сыныптастар чатында қызына тіл тигізген жасөспірімді сотқа берді.
Нұр-Сұлтан қаласының Алматы аудандық сотында Б.-ның жауапкерлер К. және Ж.-дан моральдық шығынды өтеу туралы талап арызы бойынша азаматтық іс қаралды.
Іс бойынша 2021 жылдың қыркүйегінде WhatsApp мессенджеріндегі бұрынғы сыныптастар чатында жас жігіт сыныптастарына балағат сөздер жазған. Олардың бірінің анасы 5 миллион теңге көлемінде моральдық шығын өтеуді талап етіп, сотқа жүгінген.
Әйел сыныптасының балағат сөздерінен кейін кәмелетке толмаған қызы күйзеліске түсіп, бір ай бойы жылағанын айтты. Қызға психологтың көмегі қажет болған.
"Нұр-Сұлтан қаласы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен жасөспірімнің әкесі кәмелетке толмаған ұлын тәрбиелеу бойынша міндетін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деп хабарлады Алматы аудандық сотының баспасөз қызметі.
Нәтижесінде сот кінәліні жәбірленуші тарапқа моральдық шығын ретінде 2 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттеді.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.