НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір – Sputnik. Ирбит қаласының мэриясы "Урал" зауыты бұрынғыдай жұмыс істей беретінін мәлімдеді. Ал Қазақстанда тек кейбір мемлекеттерге арналған мотоциклдер ғана құрастырылады.
"Ирбит мотоцикл құрастыру зауыты Ресейде қалып, мотоциклдерді шығару жұмысына жалғастыра береді. Бұған дейін федералдық және аймақтық деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарында "кәсіпорын Қазақстанға көшуі мүмкін" деген ақпарат кеңінен тарап кеткен. Бүгін өндіріс директоры Владимир Курмачев ол мәліметті жоққа шығарды деуге болады. Оның айтуынша, Ирбиттегі зауыта қалай істеді, тура солай мотоциклдерді шығара береді. Ал Қазақстанда екінші, қосымша құрастыру желісі ашылады", - делінген ресми хабарламада.
Бүгінде санкция салдарынан Ресейден бірқатар елдерге тауар тасымалдауға тыйым салынған. Қазақстанда құрастырылатын мотоциклдер сол мемлекеттерге жіберіледі.
Ирбит зауытының штаты көп қысқармайды. Өндіріс орнында, шамамен, 120 адам жұмыс істейді. Мэрия таратқан ақпаратқа сәйкес, қазіргі кезде бес адамды ғана қысқартуға шешім қабылданды. Себебі оларға сұраныс жоқ.
Ал өндіріс көлемінің азаюына байланысты біреулер жоспарлы демалысқа шықса, енді біреулердің жұмыс кестесі қысқартылды.
Ұжымның жартысы бұрынғы режиммен істеп жүр. Зауытта мотоциклдерді құрастыру шаралары да жалғасып жатыр. Оны тоқтатпайды.
Ирбит әкімшілігі зауытқа қатысты жағдайда жіті бақылауда ұстап отырғанын және оны сақтап қалуға барлық жағдай жасайтынын мәлімдеді.
Айта кетері, күні кеше Ural Motorcycles өндірісі Қазақстанға көшіріледі деген ақпарат тарады.
Ирбит қаласында мотоцикл қаңқалары мен корпус элементтерін жинай береді. Бірақ штатты қысқартуға тура келеді.
Ал Петропавл қаласында жаңа жұмысшыларды жинайды. Ural Motorcycles басқарушы құрамы да Қазақстанға көшіп келеді делінген.