АЛМАТЫ, 27 сәуір – Sputnik. Рудныйда колледж асханасының үш қызметкерінен патогенді стафилококк анықталды, деп хабарлады санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.
Қостанай облысында 20-21 сәуір аралығында Рудный тау-кен-технологиялық колледжінің 14 студенті тамақтан уланып, жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылды.
"Бұл дерек бойынша департамент пен аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары қылмыстық іс қозғады. Кәсіпкерлік субъектісі жалға алған колледж асханасына жоспардан тыс тексеру жүргізілді", - делінген ақпаратта.
Ауруханаға жатқызылған студенттерден патогенді алтын стафилококк анықталды. Эпидемиологиялық тексеру барысында науқастардың жүрек айну, құсу секілді белгілері колледж асханасында тамаққа байланысты екені белгілі болды. Олардың жағдайы қалыпты, ауруханадан шығарылып, дәрігерлер бақылауына алынды.
Ал асхананың үш қызметкері патогенді стафилококк тасымалдаушысы болуы мүмкін. Сондай-ақ тексеру барысында санитарлық ережелерді бұзу фактілері анықталды. Тамақ өнімдері сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжатсыз пайдаланылып, сақтау шарты мен пісіру технологиясы бұзылған. Тексеру нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады.