НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір – Sputnik. Полицейлер "Қорғау – Қауіпті жүргізуші" мобильді қосымшасымен жол ережесін жиі бұзатын көлік жүргізушілерін жылдам анықтайды, деп хабарлады Polisia.kz порталы.
Бүгінде республика бойынша 17 мыңға жуық бейнекамера орнатылған. Әрбір қалада жедел басқару орталығы бар. Сол жерде отырған мамандар бейнекамералар арқылы жол жүру ережесін бұзу фактілерін анықтап, патрульдік полицияға хабар беріп отырады. Ал "Қорғау – Қауіпті жүргізуші" мобильді қосымшасына "Сергек" пен жедел басқару орталығының мәліметтері бірден көрсетіледі. Соның арқасында жол ережесін бұзатын көлік жүргізушілерін жылдам анықтауға мүмкіндік болады.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың айтуынша, полицейлер планшет арқылы жүргізушінің жүрген жерін де көріп отырады. Қауіпті жүргізушілердің нақты санаттары да бар. Олар:
жалған нөмірмен жүретіндер;
техникалық байқаудан өтпегендер;
сақтандыру полисін алмағандар;
жол ережесін жиі бұзғандар;
айыппұл төлемегендер;
10 минут ішінде екі немесе одан да көп жол ережесін бұзғандар.
"Полиция қызметкері "қауіпті жүргізуші" туралы ақпаратты алып, апаттың алдын алу шараларын қабылдайды. Мәселен, Шымкент қаласында аталған қосымша арқылы жедел-профилактикалық іс-шара өткізілді. Бір күннің ішінде мегаполисте екі мыңнан астам жол ережесін бұзған 95 автокөлік ұсталды, олардың арасында жалған мемлекеттік нөмір таққан 36 автокөлік, сақтандыру полисі жоқ 51 шетелдік автокөлік, 107 рет жол ережесін бұзған, 3 миллион теңгеден астам айыппұл салынған үш автокөлік анықталды", - дейді Қожаев.
Мобильді қосымшаны Нұр-Сұлтан мен Алматыда сынап көрді. Бір күнде 45 автокөлік арнайы тұраққа қойылды, жартысында жалған мемлекеттік тіркеу нөмірі болған.
"Бұл іс-шаралар жол ережесін тиімді бақылауға, жазаны бұлтартпау қағидатын сақтауға арналған. Негізгі мақсат – азаматтардың қауіпсіздігін және олардың мүлкін сақтау", – деп атап өтті министрдің бірінші орынбасары.
Жақында "Қорғау – Қауіпті жүргізуші" мобильді қосымшасы республика бойынша іске қосылады.