Өңірлер

Атырау тұрғыны әскери техниканы сатуға тырысты

Ол бронды барлау машинасын қайдан алғаны туралы ақпарат жоқ
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір – Sputnik. Атырау тұрғыны әскери техниканы - брондалған барла машинасын (БРДМ-2) сатуға тырысты, деп хабарлайды Polisia.kz.
12 сәуірде полицияға жедел ақпарат келіп түскен. Хабарды Атырау облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері тексерді. Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында 1986 жылы туған тұрғынға тиесілі әскери көлік тәркіленді.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 386-бабының 1-бөлігі ("көлік құралының сәйкестендіру нөмірін қолдан жасау, жою, көрінеу қолдан жасалған сәйкестендіру нөмірі бар көлікті өткізу") бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды.
Еске сала кетсек, Атырау облысы полиция департаменті 25 сәуірден бастап қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында акция өткізуде. Халықтан заңсыз сақталған атыс қаруы, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттар алынады.
Мемлекет азаматтардың өз еркімен тапсырған әрбір қаруы, оқ-дәрі мен жарылғыш заттары үшін 100 айлық есептік көрсеткішке дейін сыйақы белгіледі.