НҰР-СҰЛТАН, 26 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді мазалап жүрген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бүгінде азаматтарымыз "Жаңа Қазақстан деген не?" деген сұрақты жиі қояды. Меніңше, осы сұраққа қысқа әрі нақты жауап беруге болады. Жаңа Қазақстан – бұл шын мәнінде әділ Қазақстан. Біздің азаматтарымызға шынымен де әлеуметтік әділдік жетіспей жатады. Себебі әлі күнге дейін қарапайым адамдардың мәселесіне немқұрайлы қарайды", - деді Тоқаев Amanat партиясының кезектен тыс съезінде.
"Өкінішке қарай, әділетсіздіктің сорақысын мемлекеттік аппарат өкілдерінен көріп жатамыз. Соның салдарынан халық билік институттарына сенбейді", - деп толықтырды ол.
Осы орайда президент Конституцияға енгізілетін өзгерістердің дайындалғанын және конституциялық кеңестің қарауына жіберілгенін еске салды.
"Сол өзгерістерді қабылдаудың арқасында Жаңа Қазақстандағы мемлекеттік институттарды құру және қызмет жасаудың сапалы моделі қалыптасады", - деп атап өтті Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Amanat партиясы әлеуметтік әділетсіздікпен күрес жолында алдыңғы шептен көрінуі керек.