Елордада тағы бір көшеде Bus Lane іске қосылды

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 26 сәуір – Sputnik. Нұр-Сұлтанда Нәжімеденов көшесінде Қалдаяқов көшесі мен Тәуелсіздік даңғылы аралығында Bus Lane автобус жолағы іске қосылды, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бұл учаскеде үлкен сұранысқа ие №32, 50 бағдардағы автобустардың қозғалысына артықшылық жасалған.
"Қоғамдық көліктің кедергісіз өтуінен басқа, Bus Lane жобасы жедел жәрдем мен өрт сөндіру техникасы үшін де көлік дәлізін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, нәтижесінде олардың жүру уақыты едәуір жылдамдады", - деп атап өтті CTS.
Осылайша Bus Lane жобасы жалпы ұзындығы 74,6 километр болатын 26 жол учаскесінде жүзеге асырылуда.
Енгізілген жаңа өзгерістерді ескере отырып, жүргізушілер жүретін жолын алдын ала жоспарлауы керек.
Еске сала кетейік, елордада Bus Lane-ді пайдалану мәселесі бойынша онлайн-дауыс беру жалғасуда, қоғамдық көлік үшін бөлінген жолақтар бойынша жүргізушілердің қарбалас сағаттардан тыс және демалыс күндері қозғалу мүмкіндігі пысықталып жатыр.
Bas Lane пайдалану мәселелері бойынша дауыс беру үшін мына сілтемеге өту керек.
Дауыс беру жүйесі eGov.kz порталында және мобильді азаматтар базасында тіркелгендерге ғана қолжетімді. Яғни, дауыс беру үшін авторизациядан өту қажет.
Ол үшін сайттың жоғарғы панеліндегі "кіру" сілтемесін басыңыз, содан кейін eGov.kz-те авторизация парақшасы ашылады. Кіру нұсқаларының бірін таңдаңыз, мысалы, бір реттік пароль (SMS) немесе ЭЦҚ арқылы, авторизациядан өтіңіз, содан кейін сауалнаманың төменгі жағында "дауыс беру" батырмасы пайда болады.
Егер сіз мобильді құрылғыдан дауыс бергіңіз келсе, онда бір реттік пароль арқылы авторизацияны қолдануыңызға болады.