Қазақстанның ең кедей облыстары аталды

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қала мен ауыл тұрғындарының табысында едәуір айырмашылық бар
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 26 сәуір – Sputnik. 2021 жылы кедейліктің ең жоғары деңгейі Түркістан және Маңғыстау облыстарында тіркелді, деп хабарлады стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі.
Үй шаруашылықтарын зерттеу деректері бойынша табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына жетпейтін халықтың үлесі 2021 жылы 5,2% құрады.
"2021 жылы өңірлер бөлінісіндегі кедейліктің ең жоғары деңгейі Түркістан (9,8%), Маңғыстау (8,6%) облыстарында, ең аз үлесі – Нұр-Сұлтан (2,2%) қаласында тіркелді", - делінген хабарламада.
Ұлттық статистика бюросы қала мен ауыл тұрғындарының табысында едәуір айырмашылық бар екенін атап өтті.
"Мәселен, қалалық жердегі табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз халықтың үлесі 3,8%, ал ауылдық жерде 7,2%. 2021 жылы кедейліктің ауылдық және қалалық деңгейлері арасындағы ең үлкен айырмашылық Атырау (9,1 есе) және Маңғыстау (4,3 есе) облыстарында байқалды", - деп хабарлады ведомство.
Ұлттық статистика бюросының еңбек және тұрмыс деңгейі статистикасы департаментінің директоры Наталья Белоносова 2021 жылы жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы орта есеппен айына 37 266 теңге болғанын мәлімдеді.
"Бұл ретте әрбір өңірдің өзінің ең төменгі күнкөріс деңгейі есептеледі", - деп түсіндірді ол.