АЛМАТЫ, 26 сәуір – Sputnik. Білім және ғылым министрлігінің бірінші вице-министрі Шолпан Каринова мектеп бітіруші түлектер арасында "Алтын белгі" иегерлерін анықтаудың жаңа тәртібі туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Алтын белгі" – оқушының, мектеп бітірушінің 1-11 сынып аралығында үздік оқығанын көрсететін белгі. Бұл белгі иегері басқа оқушылар секілді Ұлттық бірыңғай тест тапсырады. Жоғары оқу орнына түсу кезінде, грантқа үміткер болған кезде екі мектеп бітірушінің тестте жинаған балы бірдей болған кезде ерекше белгі иегеріне басымдық беріледі", - деді Каринова.
2020-2021 оқу жылында 9 мыңнан астам түлек "Алтын белгі" иегері атанған. 2021-2022 оқу жылында республика бойынша 170 мыңнан астам оқушы мектеп бітіреді. Оқу жылы басында "Алтын белгіге" үміткерлер саны 12 мың болған.
Алайда төртінші тоқсанда "Алтын белгіге" үміткер түлек саны 7,5 мыңға дейін азайған.
"Оқушылардың, мектеп бітірушілердің арасында академиялық адалдық, жалпы адалдық, ашықтық мәселесін көтеруге байланысты өзгерістер енгізілді. Оқушылар бұған дейін де, биыл да қорытынды аттестаттау кезінде емтиханды 5 пән бойынша тапсырады. Пәндердің санына, ол жердегі материалдарға қатысты талап өзгерген жоқ. Биылдан бастап "Алтын белгі" үміткерлері математика пәні бойынша емтиханды Назарбаев зияткерлік мектеп базасында тапсырады", - деді білім министрлігінің бірінші вице-министрі.
Оның айтуынша, мектеп ішінде ерекше белгіге ұсынылған түлекке ұстаздары көмек көрсетуі мүмкін. Ал бұл өзгеріс "Алтын белгі" үміткерлері арасында теңдікті қамтамасыз етеді.
"Мектепте тапсырылатын, зияткерлік мектептерде өткізілетін емтиханда математика пәні бойынша бір тапсырма беріледі. Көп ата-ана Назарбаев зияткерлік мектебінде тапсырылатын емтихан сұрақтары мектептегі сұрақтардан өзгеше деп ойлауы мүмкін. Бұл шындыққа сәйкес келмейді. Математика бойынша сұрақтар тек өткен бағдарламаға сәйкес беріледі", - деді ол.
"Алтын белгіге" үміткер ерекше белгіден өз бетінше немесе ата-анасы бас тарту қажет деп шешсе, бұл оқушы 5 пәннен емтиханды өз мектебінде тапсырады. Түлек "Алтын белгіге" үміткер бола алмайды, үздік аттестат алады.
Ал үміткер Назарбаев зияткерлік мектебінде тапсырған емтиханнан 4 деген баға алса, "Алтын белгіге" үміткер бола алмайды.
"Барлық өңірде Назарбаев зияткерлік мектебі бар. Облыстарда мектеп орналасқан жерге оқушыларды жеткізу, оларды үйіне дейін әкелу секілді барлық жағдай жасалады. Мұнымен өңірлердегі білім басқармалары айналысады", - деді ол.
Сондай-ақ "Алтын белгіге" үміткер емтихан кезінде тиісті нәтиже көрсетпесе, ол мұғалімдерінің санатына әсер етпейді.
"Алтын белгі" алу, қандай да бір баға алу – оқушының оқу жетістігін бағалау көрсеткіші. Ол оқушының жетістігі. Мұндай жағдайда мұғалімнің жауапкершілікке тартылатыны министрлік бекіткен ешқандай құжатта көрсетілмеген. Мұғалімнің санатына әсер етпейді", - деді Каринова.
2021-2022 оқу жылы 25 мамырда аяқталады. Қорытынды емтихан тапсыру 28 мамырда басталады.