КӨКШЕТАУ, 26 сәуір - Sputnik. Ақмола облысында интернет-алаяқтар өздерінің қарапайым әрі үйреншікті тәсілін тағы іске асырды. Атбасар ауданының 24 жастағы мұғалімі алаяқтарға алданып қалды. Ол жарты миллион теңгесін берген. Кейін Атбасар ауданының полиция бөліміне арызданды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мұғалім өзін банк қызметкері ретінде таныстырған белгісіз ер адам шақырғанын айтты. Ол педагогтың атына біреу ақшалай кредит алуға тырысқанын айтты. Бұдан соң тағы бір жалған қызметкер алаяқтық схемаға қосылып, несиеге өтінім бірден төрт банкке берілгенін және олардың бірінде мақұлданғанын хабарлады. Қоңырау шалушы WhatsApp арқылы қажетті құжаттарды, көшірмені және өзінің қызметтік куәлігін жіберген.
"Ақмолалық келесі күні Банктің Атбасар қаласындағы филиалына барып, алаяқтардың нұсқауына сүйене отырып, 500 мың теңге көлемінде ақшалай кредит рәсімдеді. Сонымен қатар, мұғалім бұл жағдай туралы отбасына да, банк менеджерлеріне де айтқан жоқ. Жалған қызметкерлер оны ақпаратты жария еткені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытқан", - деп нақтылады Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ақшаны алған мұғалім алаяқтар айтқан шотқа 480 мың теңге жіберді. Кейін туыстарына болған оқиға туралы айтып алданып қалғанын түсінді. Болжам банкте расталды.
"Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қоңырау соғылған абоненттік нөмірлер тексерілді. Қылмысты тергеу және күдіктілерді анықтау жұмыстары жалғасуда", - деп толықтырды ведомство.