НҰР-СҰЛТАН, 25 сәуір — Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Қытай Халық Республикасы мемлекеттік кеңесінің мүшесі, қорғаныс министрі Вэй Фэнхэні қабылдады.
Қазақстан Президенті өзінің 2019 жылғы қыркүйекте Пекинге мемлекеттік сапары мен биылғы ақпанда ҚХР-ға жұмыс сапары барысында қол жеткізілген маңызды уағдаластықтардың жүзеге асырылуына оң баға берді.
Екі ел арасындағы ұзақмерзімді стратегиялық серіктестік туралы жоғары деңгейде бекітілген декларация осы жұмыстардың негізгі бағыты екені атап өтілді.
"Биыл біз мемлекеттеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығын атап өтеміз. Осыдан 30 жыл бұрын жаңадан бастаған едік, қазір стратегиялық серіктеспіз. Экономикалық ынтымақтастықта зор нәтижелерге қол жеткіздік. Қазақстан мен Қытай әлемдік аренада, ең алдымен, БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясында жақын серіктестер саналады. Сондықтан екі ел арасындағы өзара қарым-қатынастардың қазіргі даму деңгейіне көңілім толады. Дегенмен, бұл ынтымақтастығымыз дәйекті түрде дами беруге тиіс деп санаймын. Бір орында тұрып қалмай, жаңа нәтижелерге қол жеткізуіміз керек", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің биылғы қыркүйекке жоспарланған мемлекеттік сапарына Қазақстанның үлкен үміт артып отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, алдағы жоғары деңгейдегі келіссөздер қазақ-қытай қатынастарын дамытуға тың серпін береді.
Әңгімелесу барысында бітімгершілік және әскери-техникалық салалардағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективалары талқыланды.
Мемлекет басшысы қазақстандық әскери қызметшілердің БҰҰ бітімгершілік операцияларындағы қатысу географиясын кеңейтуге еліміздің дайын екеніне баса мән берді. Осыған байланысты президент Пекиннің аталған әмбебап ұйым аясында ұжымдық миссия өткізу туралы бастамасын қолдады.
Өз кезегінде Вэй Фэнхэ Қытай тарапының осы саладағы өзара тиімді кооперацияны одан әрі дамытуға дайын екенін растады. Оның пікірінше, Қарулы Күштердің әлеуетін арттыру және мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін нығайту үшін жүзеге асырылып жатқан реформалар негізінен бұл бағыттағы жетістіктерге ықпал етеді. Министр Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатына жоғары баға берді.
Сонымен қатар кездесуде халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қарастырылды.