Қоғам

Қазақстанда магистральді газ желісінің 75%-і тозған – депутат

Депутат әсіресе Атырау мен Маңғыстау облыстарында тозу деңгейі сәйкесінше 84% және 86% екенін атап өтті
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 25 сәуір — Sputnik. Қазақстанда газ тасымалдау жүйесінің тозу деңгейі 75%-тен асады. Бұл туралы сенаттағы "Қазақстан өңірлерін газдандыру: қазіргі ахуал, проблемалар және оларды шешу жолдары" тақырыбында өткен үкімет сағатында Ерік Сұлтанов мәлімдеді.
"Энергетика министрлігінің дерегі бойынша, магистральді желілердің орташа тозу деңгейі 75%-ке жетті. Бүгінде магистральді газ құбырларының тек 10%-інің жалпы жұмыс істеген мерзімі 30 жылдан аз болса, сәйкесінше қалған бөлігінің пайдалануда болғанына 30 жыл және одан да көп уақыт болған", - деді сенатор.
Депутат әсіресе Атырау мен Маңғыстау облыстарында тозу деңгейі сәйкесінше 84% және 86% екенін атап өтті. Бұл аймақтардағы "Бейнеу – Жаңаөзен", "Жаңаөзен – Ақтау" сынды газ құбырларының сын көтермейтін күйі кез келген уақытта елді мекендер мен өндірістік нысандарды газ, су және электр қуатымен жабдықтауда ақау тудыруы мүмкін.
Сонымен қатар, оның айтуынша, әрбір алтыншы компрессор станциясының пайдалану мерзімі 50 жылдан асып кеткен.
Сондай-ақ газдың жерасты қоймалары ұңғымаларының негізгі қоры 50 жылдан астам уақыттан бері қолданылып келе жатыр. Оның 81%-інің қауіпсіз пайдалану мерзімі өтіп кеткен.
"Өңірлердегі таратушы газ құбырларының техникалық жай-күйі де мәз емес. Мысалы, олардың тозу деңгейі Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында 45%-тен жоғары болса, республикалық көрсеткіш 25%-ті құрап отыр. Бұл мәселе көп уақыттан бері шешімін таппай келе жатқанын айта кеткен жөн", - деді сенатор.
Депутат газ тасымалдау жүйесінің тозуы мен қуатының жетіспеушілігі елді табиғи газбен жабдықтаудың төмен деңгейімен байланысты проблемалар кешеніне алып келгенін айтты.
Сонымен қатар Ерік Сұлтанов қабатты қысымды сақтау үшін газды қайтадан жер қабатына кері айдауды қарастыру қажет екеніне назар аударды.
Өйткені ішкі нарықта газ пайдалану деңгейінің күрт өсуі соңғы бес жылда тұтыну көлемінің 35%-ке артуына алып келді. Болжам бойынша, бұл қарқын осы жылы да сақталады.
Қазақстан табиғи газ көлемі бойынша әлемде 22-ші және ТМД-да 3-орында тұр.