НҰР-СҰЛТАН, 25 сәуір – Sputnik. Қаңтар оқиғасына қатысы бар деген күдікпен ұсталған кейбір адамдар азаптаулар туралы шағымдарды қорғану үшін жасаған.
Бұл туралы бас прокуратураның 1-ші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Мысалы, Жамбыл облысында 5 қаңтарда "Б" есімді азамат адамдар тобымен бірге мемлекеттік нысандарды өртеген. Одан кейін полиция департаментінен "Калашников" автоматын, "Макаров" тапаншасын, 2 аңшылық мылтықты және 3 травматикалық тапаншаны жымқырған. Оның қылмыстары бейнекамера жазбаларымен, куәгерлердің жауаптары және істің басқа да материалдарымен расталады", - деді Қилымжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Ұсталған ер адам полиция қызметкерлері тарапынан азаптаулар жасалғаны туралы арыз түсірді. Содан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі тәуелсіз адвокаттың қатысуымен тергеу шараларын өткізді.
Ыстамбұл хаттамасы сияқты азаптауларға қарсы адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық стандарттарға сәйкес, психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізілді.
"Мамандар жәбірленушінің психоэмоционалды жағдайын толық зерттеді, соның нәтижелері бойынша тергеу органдары тарапынан оған қандай-да бір психологиялық қысым көрсетілмегені анықталды. Тергеу нәтижесі бойынша қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды", - деп атап көрсетті Қилымжанов.