Қаңтар оқиғасы

Қаңтар оқиғасы: Алматы әуежайының жарығын өшірген адам ұсталды

Қаңтар оқиғасының ұйымдастырушылары мен қатысушыларын анықтау және оларды жауапкершілікке тарту жұмыстары жалғасуда
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 25 сәуір – Sputnik. Бас прокуратура қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайының жарығын өшірген ер адамға қатысты тергеуді бастады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
1-ші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжановтың айтуынша, 5 қаңтар күні Н. есімді азамат бір топ адаммен бірге Алматы қаласы әуежайының ұшу-қону жолағының жарығын өшірді.
"Ол өзінің әрекетімен стратегиялық объектінің қызметін тоқтатты, нәтижесінде ұшақтар жолаушылармен ұшып кете алмады және токтан ажыратылған ұшу-қону жолағында 10 сағаттан артық тұруға мәжбүр болды. Осы уақытта қарулы топ Алматы әуежайының ғимаратын қиратып, тонады", - деді Қилымжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Қазіргі кезде "Н"-нің іс-әрекеттері Қылмыстық кодекстің 255-бабы - терроризм актісі бойынша сараланып жатыр. Оның қылмысы жиналған дәлелдемелермен расталады.
"Қаңтар оқиғасының ұйымдастырушылары мен қатысушыларын анықтау және оларды жауапкершілікке тарту жұмыстары жалғасуда", - деп атап көрсетті Қилымжанов.