Елорда тынысы

Елордада субұрқақтар 1 мамырда іске қосылады

Қазір қалада субұрқақтарды іске қосу үшін дайындық жұмыстары жүріп жатыр
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 25 сәуір – Sputnik. Нұр-Сұлтанда субұрқақтар 1 мамырда іске қосылады.

"Биыл елордада субұрқақтар 1 мамырда іске қосылады. Қазір аудандық әкімдіктер фонтан кешендерін қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр", - деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Нұр-Сұлтанда субұрқақ саны бойынша Есіл ауданы абсолютті рекордсмен саналады. Бұл ауданда барлығы 27 субұрқақ кешені бар, оған 46 субұрқақ кіреді. Аудан әкімдігінің ақпаратынша, екі субұрқақ толық реконструкциядан өтуі қажет: Дипломатиялық қалашықтағы субұрқақ пен шаршы фонтан.
Сарыарқа ауданында субұрқақтың бәрі әкімдік қарамағында емес. 10 нысанның біреуі Нұр-Сұлтан қаласы қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының балансында. Бұл ретте субұрқақтардың каскады биыл әкімдік балансына беріледі.
Алматы ауданында да субұрқақтар іске қосылып, қайта қалпына келтіріліп жатыр. Аудан әкімдігінің балансында 9 субұрқақ пен субұрқақ кешені бар.
Байқоңыр ауданы әкімі аппаратының балансында екі субұрқақ нысаны бар: Республика даңғылы, 34 ("Жастар" сарайы) – 3 бірлік және Республика даңғылы, 6 ("Есіл" СҮ) - 1 бірлік. Осы жылы аудан әкімдігі оларды қайта жаңартуды жоспарлап отырған жоқ.