Қаңтар оқиғасы

Қайрат Құдайберген 1 айға қамауға алынды - адвокат

Бизнесмен Алматыда ұсталған болатын
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 24 сәуір — Sputnik. Жексенбіде тергеу соты Қайрат Құдайбергенге күдіктінің әрекетін саралау туралы қаулы шығарылғанға дейін 1 ай "қамауда ұстау" бұлтартпау шарасын санкциялады. Бұл туралы адвокат Мұрат Амитов әлеуметтік желіде хабарлады.
Мұрат Амитовтың айтуынша, адвокаттар сотқа дейінгі тергеу органдарының Құдайбергенге қатысты іс-әрекет квалификациясын анықтауын күткен. Бірақ сотқа дейінгі тергеу органы әлі анықтамаған.
Сәуірдің 21-нен 22-не қараған түні мәслихат депутаты, кәсіпкер Қайрат Құдайберген Алматыда ұсталып, полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Ол Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы ("Ұстап алу негіздері") бойынша ұсталды (72 сағаттан артық емес). Бизнесмен қаңтар айындағы жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырып, қатысты деген күдікке ілінді, деп хабарлады Алматы прокуратурасы.

Қаңтар оқиғасы

Жаңаөзенде және Ақтауда газ бағасы көтерілгеннен кейін басталған бейбіт митингілер Маңғыстау өңірінде бейбіт жолмен аяқталды. Жаңаөзен халқын қолдауға шыққан басқа да өңірлерде наразылықтар зорлық-зомбылық, тонау мен атысқа ұласты.
Осыдан кейін Қазақстан билігі наразылықтарды "мемлекеттік төңкеріс" ұйымдастыруға тырысқандар пайдаланды деп мәлімдеді. Жауапкершілікті "террористер бандасына" жүктеді. 230 адам қайғылы оқиғалар құрбаны болды.