Өңірлер

Министр өз галстугын шешіп, ауылдың баласына тақты

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарығын кеңейту мәселелері талқыланды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 23 сәуір – Sputnik. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев өз галстугын балаға сыйға тартты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістан облысында өткен республикалық семинар – кеңесте "Егістен сөреге дейін" жобасы аясындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарығын кеңейту мәселелері талқыланды. Диқаншылар тамшылап суару, жерді өңдеу, тыңайтқыш қосу және көп өнім алу бойынша өз тәжірибесімен бөлісті. Жеке шаруашылықтарын да көрсетті. Қатысушылар Сайрам ауданына барып, үй шаруашылығын дамыту жұмыстарын өз көзімен көрді. Ал ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев диқаншының баласына өз галстугын тағып берді.
Бүгінде ерте пісетін өнімдерді шығару жағынан Түркістан облысының әлеуеті зор. Ресми мәліметке сәйкес, қазір 198 мың тоннаны құрайтын қырыққабатты жинау жұмыстары басталды. Ал мамыр айының ортасынан маусымға дейін 174 мың тонна көлемінде ерте пісетін картоп және маусым айында 45 мың тонна көлемінде сәбіз, 55 мың тонна пияз жинау жоспарланып отыр.
"Қажет болған жағдайда біз өңірлерді қажетті өнімдермен толық қамтамасыз ету мақсатында облыстар арасында тауарларды қайта бөлуді жүзеге асырамыз. Бұл ретте жеміс - көкөніс және ерте пісетін өнімдерді өндіру үшін жеткілікті жұмыс күші бар Түркістан облысының әлеуеті зор және республикалық ауқымдағы негізгі өндірушілердің бірі болып табылады ", - дейді министр Қарашөкеев.
Шара аясында Түркістан облысының әкімдігі мен облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін жүзеге асыру бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Бұл маусымаралық кезеңде көкөніс дақылдарының қымбаттауын болдырмауға, сондай-ақ ішкі нарықты көкөніс және картоп өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.