Солтүстік Қазақстандағы көлдерде балық қырылды

Өңірдегі су айдындарында бір апта ішінде төрт рет балық қырылғаны анықталды
Sputnik
ПЕТРОПАВЛ, 22 сәуір – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында көлдерде балық қырылуына қатысты бірден екі факті тіркелді, оның бірінде 150 келі мөңке балығы өлген, деп хабарлады облыстық экология департаменті.
Сонымен, Қызылжар ауданы Пресновка ауылының жанындағы Пруд көлінде 150 келі мөңке балығы өлді. Екінші жағдай Айыртау ауданы, Арықбалық ауылының іргесіндегі Логовое көлінде тіркелді. Екі су қоймасы да балық шаруашылығы су қоймаларының резервтік қорында тұр.
"Балықтың қырылу себебін анықтау үшін экология департаменті, Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы және аудандардың ветеринария қызметінің қызметкерлерінен құралған жұмыс тобы оқиға орнына барды. Көл тексеріліп, зертханалық талдау жүргізу үшін су сынамалары мен өлген балықтардың өлексесі алынды. Ауылдық округ әкімдіктері өлген балықты жинап, жою жұмыстарын ұйымдастырды", - деп хабарлады департамент.
Айта кетейік, осы аптада өңірдегі су айдындарында балықтың қырылуына қатысты төрт факті анықталған.
Дүйсенбі күні облыстың Қызылжар ауданындағы Бугровое көлінде балықтың қырылғаны туралы ақпарат келіп түсті. Келесі күні Тайынша ауданы Теңдік ауылының маңындағы Чаглинка өзенінде балық қырылған.