НҰР-СҰЛТАН, 22 сәуір – Sputnik. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті мен Италия авициялық билігінің арасындағы қолданыстағы өзара уағдаластық келісім аясында аталған елдер арасында тұрақты әуе рейстерін орындау үшін құқықтық база құрылды.
Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиева италиялық "NEOS" әуе компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында тараптар Алматы және Милан қалалары арасында халықаралық әуе рейстерін ашу туралы келісім жасады, деп хабарлады индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.
Милан – Алматы – Милан бағытындағы тұрақты әуе рейстері осы жылдың 12 маусымынан басталады деп жоспарланып отыр. Жолаушылар тасымалы әр аптаның дүйсенбі және бейсенбі күндері Boeing 737 және 787 әуе кемелері арқылы жүзеге асырылмақ.
Сондай-ақ кездесу барысында тараптар тікелей әуе рейстерінің ашылуы мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және мәдени ынтымақтастықтың одан әрмен дамуына тигізетін маңызына назар аударды.
"NEOS" әуекомпаниясы Миланның Мальпенса әуежайында (Италия) орналасқан. Алғашқы рейс 2002 жылдың 8 наурызында Милан – Сенегал бағыты бойынша орындалған.
Әуе компаниясы АҚШ, Мальдив Республикасы, ҚХР, Грек Республикасы, Канар аралдары, Доминикан Республикасы, Біріккен Араб Әмірліктері, Таиланд және басқа елдерге халықаралық рейстерді орындайды. Бүгінде компания паркінде B737 және B787 типтегі 15 әуе кемесі бар.