Бас мүфти 9 жасар қыздың өтінішін орындады

Наурызбай қажы Тағанұлы көпбалалы отбасыға өзі барып, жақсы жаңалықты жеткізді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 22 сәуір – Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 9 жасар Диананың өтінішін орындады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтына сілтеме жасап.
Елорданың іргесіндегі Қараөткел тұрғыны Досболат Амангелді 6 қыз бен 2 ұл тәрбиелеп отыр. 9 жасар Диана үйінде бауырларымен ойнап жүріп, есіктің тұтқасына көзін соғып, қатты зақымдап алған. Осыдан кейін әлеуметтік желілерде кішкентай қыздың бейнеүндеуі тараған. Түркияда ота жасау үшін қаражат қажет.
Діни басқарманың "Зекет және қайырымдылық" қоры Диананың еміне 1 миллион теңге бөлді. Осыған орай бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы көпбалалы отбасыға өзі барып, жақсы жаңалықты жеткізді. Осы шаңырақтың ауызашарына да қатысты.
"Алла Тағала сынақты әр пендеге көтере алатын деңгейде ғана береді және әрбір қиындықтың соңынан жеңілдігін, ауруға шипасын нәсіп етеді. Кішкентай Диананың көзі қалпына келіп, қатарына тез қосыларына сенеміз, бір Алладан сырқатына шипа тілейміз. Сабыр етіп, Жаббар Иемізден үміт үзбеуге шақырамын. Сәтін салып, сырқатынан айығып кетуіне тілектеспін", - деді бас мүфти.
Айта кетері, "Зекет және қайырымдылық" қорының бастамасымен "Ел үлесі – пәтерге" акциясы өткізіледі. Соның аясында баспанаға мұқтаж көпбалалы отбасыларға пәтер таратылады. Күні кеше 541-ші пәтердің кілтітабысталды.