Америкада бензин, электр қуаты және фастфуд қымбаттады

Sputnik
Еуроодақ пен АҚШ-та инфляция қатты өсті – америкалықтар 80-ші жылдардан бері мұндайды көрмеген. Әсіресе бензин мен электр жарығы шығындары ауыр соғып жатыр, деп жазды РИА Новости.
Наурызда елдегі жылдық инфляция 8,5 процентке дейін үдеді, деп хабарлады АҚШ еңбек министрлігі. Ақпанды бұл көрсеткіш 7,9 процент болған.
Бәрінен бұрын бензин қатты қымбаттады: бір галлон (шамамен төрт литр) бензин төрт доллар тұрады. Сондықтан көлік бағасы да өсті. Америкалықтар сүйіп жейтін фаст-фуд бағасы да шарықтады. Жалпы шығынның үштен бірін құрайтын электр энергиясы мен жалдау ақысы да кейін қалмай тұр.
Джо Байден мұның барлығына Ресейдің Украинадағы әскери операциясы себеп болып отырғанын айтты. "Инфляцияның жетпіс проценті Путиннің бензин бағасын өсіруіне байланысты", - деп сендіруге тырысты ол.
Ал The Wall Street Journal журналы Америкада тауар өткен жылдан бері қымбаттап жатқанын жазды. Басылым рекордтық инфляцияға "шамадан тыс федералдық шығындар мен тым жұмсақ ақшалай-кредиттік саясатты" себеп деп атады.
Коронавирус салдарынан болған дағдарысты реттеу үшін дамыған елдердің биліктері баспа білдегін жоғары қуатта іске қосты. АҚШ Федералды резерв жүйесі экономикаға триллиондаған доллар салды да, нөлге жақын мәндегі төмен базалық мөлшерлемені сақтап тұрды.
Ленд-лиз бағдарламасы: бұл АҚШ-тың Еуропадағы саясатының құлдырауы ма
"Іс жүзінде еуро мен доллар құнды қағаздар мен қор биржасына салым салған банктер мен инвесторлардың қолында табыс болып тұрып қалды. Есесіне бидайдан бастап мұнай тасымалдаушылардың қызметіне дейін бәрі қымбаттады", - дейді AMarkets аналитикалық департаментінің басшысы Артем Деев.
Адамдар пандемия кезінде алған ақшаны жаппай жаратып, бағаны шарықтатып жіберді. Кейбір тауарлардың жетіспеушілігі де рөл ойнады. Олардың қатарында микросызбалар жетіспеген гаджеттер, автокөліктер бар.
Федералды резерв жүйесі өткен жылы инфляция қысқа мерзімді сипатта екенін айтқан. Ақиқатында бағаны ұстап тұру қажет кезде әрекет етпеді. Наурыздың ортасында төрт жылда алғаш рет қаржы нарығын реттеуші мекеме мөлшерлемені жылдық 0,25-0,5 процентке көтерді.
"Маусымның ортасына қарай ол 1,5 процентке жетуі ықтимал. Инфляцияға тежеу болу үшін батыл қадамдарға баруға тура келеді. Бірақ жаздың ортасына дейін оған қол жеткізу екіталай", - дейді BitRiver сыртқы байланыс жөніндегі директоры Андрей Лобода.
8 наурызда Джо Байден Ресейден мұнай мен басқа да энергия ресурстарын сатып алуға тыйым салды. Бұл шешімнің тұтынушыларға әсері қатты сезілетіні белгілі еді. Мұнай бағасы бір баррелі үшін 130 долларға дейін бір-ақ көтерілді.
"Сауалнама нәтижесіне сәйкес, халықтың тек алты проценті Путинді кінәлап отыр. Ал қалғаны осы жағдайға АҚШ президентінің саясаты себеп екенін көрсеткен", - деді америкалық Fox News телеарнасының жүргізушісі Шон Хэннити. Оның айтуынша, Байден билікте болған 15 айда ешқандай оң нәтиже жоқ және барлық кезде Путинді кінәлау әдетке айналған. "Мұның өтірік екенін АҚШ халқы жақсы түсініп отыр", - деді ол.
Вашингтон Ресейдің көмірсутегінен бас тартуы үшін Еуроодаққа қысым көрсетіп жатыр. Бірақ еуропалықтар асығар емес. "Кейбір мемлекет ресейлік мұнай мен газға 100 процент тәуелді" деді Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен.
Ескі Әлемде де баға шарықтап жатыр. Наурызда 19 елде инфляция 7,5 процентке жетті. Ең жоғарғы көрсеткіш Литвада – 15,6 процент. Германияда 7,3 процент және бұл соңғы 40 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш. Ол кезде Иран-Ирак соғысының салдарынан мұнай бағасы қатты қымбаттаған. Өткен айда Еуроопада бәрінен қатты энергия тасымалдағыштар қымбаттады. Екінші орында азық-түлік, алкоголь мен темекі тұр. Үшінші орында – қызмет көрсету саласы.
"Бағаның өсуі жалғаса береді. Бұған өндіріс пен логистикалық тізбектегі кідіріс, шикізат тапшылығы және әлемдегі жоғары баға себеп болады", - дейді Артем Деев.
Германияда инфляция бір жыл ішінде 7-8 процентке жетеді, деді Deutsche Bank вице-президенті Карл фон Рор. Банк болжамы бойынша, ресейлік энергия тасымалдағыштарға эмбарго енгізілсе, ол оннан асып кетеді.
Экономика
Наурызда азық-түлік 15,4%-ке қымбаттады
Ұлыбританияда да инфляция рекордтық көрсеткішке жетті. Наурызда жылдық көрсеткіште ол жеті процентті құрады, бұл 1992 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Экономикаға электр қуатының қымбаттауынан қатты зардап шекті. Британдар газ бен электр энергиясы үшін 54 процентке жоғары баға төлеп отыр. Қазан айында баға өсуі тағы күтіліп отыр. Электр қуатының бағасы бір жылда 115-130 процентке қымбаттауы мүмкін.
Наурызда Ресейде жылдық инфляция 16,69 процентке дейін өсті – оған әлемдегі баға әсер етті. "Оның үстіне, рубль девальвациясы да бар. Шетелдік қосалқы жабдыққа тәуелді өндірушілердің шығыны ұлғаюы тағы бар. Біраз уақыттан кейін тапшы болатын импорттық тауарлардың бағасы өсті", - дейді Жоғарғы қаржы басқару мектебі аналитикалық зерттеулер бөлімінің басшысы Михаил Коган.
"Бірнеше маңызды ресейлік өнеркәсіп импорттық тауарларға қатты тәуелді. Шетелдік қосылған құнның үлесі 50 проценттен асады. Негізінен бұл Ресейге қарсы санкцияларды қолдаған елдердің импорты. Ол тауарларға жылдам балама табу қиын. Ал ол компоненттерді өз бетінше алмастыруға көп жыл қажет", - деп жазды автор.
Экономика ұзақ уақыт қор есебінен тіршілік ете алмайды. Сондықтан инфляция әрі қарай да өсе береді. Мамырда баға тағы 20 процентке артады деп күтіліп отыр.