НҰР-СҰЛТАН, 21 сәуір – Sputnik. Шымкент қаласында екі рет сотталған ер адам өз анасының атына заңсыз кредит рәсімдеп, ақшасын жұмсаған, деп хабарлайды Polisia.kz порталы.
Еңбекші аудандық полиция басқармасына егде жастағы әйел арыз түсірген. Ұлы алаяқтық жолмен жеке куәлігі мен банк картасын алып, атына заңсыз несие рәсімдеп алған. Алаяқ алдымен анасын суретке түсірген. Кейін жеке мәліметтерін пайдаланып, 60 мың теңге кредит алған.
Ақша банк картасына түскен бойда алып, жұмсап жіберген. Кейуана банктен зейнетақысын алуға барғанда мойнында кредит бар екенін білген. Сол жерден бірден полицияға хабарласқан.
Жедел іздестіру шаралары барысында 35 жастағы ер адам өз үйінде ұсталды. Бұған дейін екі рет істі болған. Ол өз кінәсін мойындап, анасынан кешірім сұраған. Шығынды толық көлемде өтеп берді
Ал тәртіп сақшылары Қылмыстық кодекстің 190-бабы (А"лаяқтық") бойынша сотқа дейінгі тергеу шараларын бастады.