Рудныйда уланып қалған студенттердің жағдайы белгілі болды

Студенттер тамақтанған асхана тексеруден өтті
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 21 сәуір – Sputnik. Рудный қаласында 14 студент "жедел гастроэнтерит" диагнозымен ауруханаға жатқызылды. Зардап шеккендердің жағдайы тұрақты, орташа ауырдәрежеде.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жедел ішек инфекциясы белгілерімен 35 студент медициналық көмекке жүгінгенін, олардың 14-і "жедел гастроэнтерит" диагнозымен ауруханаға жатқызылғанын, қалғандарына амбулаторлық ем тағайындалғанын хабарлады (олар түскен кезде жүрегі айнып, құсқанын, іші өткенін айтқан).
Комитеттің Қостанай облысы бойынша департаменті "S_SALTA" ЖШС жеке компаниясы жалға алған асхананы жоспардан тыс тексеруді бастады.
"Тексеріс барысында тамақ өнімдерінен, судан сынамалар алынып, қызметкерлер тексерілді. Мамандар эпидемияға қарсы шараларды жүргізіп жатыр", - деп хабарлады комитет.
Бұған дейін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Рудный тау-кен және технология колледжінде студенттердің жаппай улануына қатысты пікір білдірген болатын. Ол мәселенің басын ашып, тексеріс жүргізу керек деді.