АЛМАТЫ, 21 cәуір – Sputnik. Қазақстандық спортшы Мадина Бақбергенова әйелдер күресінен Азия чемпионатының жеңімпазы атанды, деп хабарлады Olympic.kz.
Мадина Бақбергенова 68 келі салмақ дәрежесінде белдесті. Ол финалда Олимпиада ойындарының жүлдегері Мейірім Жұманазарованы жеңді. Финалда Мадина 2:1 есебімен жеңіліп тұрып, белдесу соңына қарай ұтымды әдіс қолданып, есепті алға жылжытты. Нәтижесінде белдесу соңында отандасымыз қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсті.
Айта кетері, күрес түрлерінен Азия чемпионаты Моңғолия астанасы Ұлан-Баторда өтіп жатыр. Бұған дейін қазақстандық спортшы Мейіржан Шермаханбет грек-рим күресінен Азия чемпионы атанды. Ол 67 келі салмақ дәрежесінде топ жарды.
130 келі салмақ дәрежесінде белдескен балуан Әлімхан Сыздықов Азия чемпионатында грек-рим күресі бойынша алтын алды.