НҰР-СҰЛТАН, 21 сәуір – Sputnik. Қазақстан Республикасы мен Қырғызстан Республикасы билік өкілдерінің келіссөзінен кейін қазақ-қырғыз шекарасында тұрып қалған жүк көліктерінің саны айтарлықтай қысқарды, деп хабарлады Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.
Қазір "Ақ-Тілек" өткізу бекетінде 67, "Чалдыбарда" – 53, "Чон Капкада" – 60 жүк көлігі кезек күтіп тұр.
"Жүргізілген келіссөзден кейін жоғарыда аталған өткізу бекеттерінде жиналып қалған жүк көліктерінің саны айтарлықтай азайды. Соңғы күндері Қазақстан тарапы Қазақстан аумағына бір сағатта үш-төрт көлікті өткізіп отырған. Қазір шекарадан бір сағатта сегіз-тоғыз көлік өтіп жатыр. Бұл бақылау-өткізу бекетіндегі жүктемені айтарлықтай жеңілдетті", - деді қырғыз шекара қызметі.
"Ақ-Тілек" өткізу бекетінен 1-20 сәуір аралығында 4 мыңнан астам жүк көлігі өткен.
Біраз бұрын Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Бақыт Сұлтанов пен Қырғызстан үкімет басшысының орынбасары Арзыбек Кожошев шекарадағы ахуалға қатысты бірқатар келісімге қол жеткізді.