НҰР-СҰЛТАН, 21 сәуір – Sputnik. Нұр-Сұлтанда ауызашарға келген әйел кірберісте тұрған бесік арбаны ұрлап кетті, деп хабарлады Polisia.kz порталы.
Видеодан алдымен жас қыз төмен түсіп, есікті ашып тұрғаны анық көрінеді. Оның артынан ер адам мен бала ұстаған әйел түседі. Әйел екінші қолымен бесік арбаны сыртқа алып шыққан. Ер адам далада күткен.
Ресми мәліметке сәйкес, ұрлық Потанин көшесінде жасалған. Сол үйдің тұрғыны 50 мың теңге тұратын бесік арбаны баспалдақтың астына қалдырып жүрген. Ал ауызашарға келген қонақтар оны ұрлап кеткен.
Шұғыл іздестіру шаралары барысында 57 жастағы әйел ұсталды. Ол таныстарына ауызашарға келгенін айтып, сол жерден бесік арбаны ұрлап кеткенін мойындады.
Полицейлер бесік арбаны иесіне қайтарды. Ал ұрыға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.