Білім

Білім министрі қай мұғалімдер жоғары жалақы алатынын айтты

Министрдің айтуынша, кез келген мұғалім ағылшын тілін үйреніп, магистр дәрежесін ала алады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 21 сәуір– Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жоғары жалақы алатын мұғалімдер туралы айтты,  деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінде жыл сайын педагог мамандардың жалақысы 25 процентке өсіп отырады. Осылайша, мұғалімдердің жалақысын екі есеге көтеру жоспарланған.
"Біз барлық мұғалімдердің жалақысын 25 процентке көтердік. Ол жағынан ешқандай шектеу жоқ. Бірақ өз шеберлігін көрсетіп жүрген мамандар сәл жоғары алады. Мәселен, химияны немесе физиканы ағылшын тілінде беретіндер көбірек жалақы алады. Магистр дәрежесі болса, тағы 30 мың теңге қосылады", - деді Аймағамбетов журналистерге берген сұхбатында.
Министрдің айтуынша, кез келген мұғалім ағылшын тілін үйреніп, магистр дәрежесін ала алады. Сөйтіп, көберік жалақы алуға мүмкіндігі бар.
"Барлығына бірдей жағдай жасалған. Ал еңбек өтілі көп ескерілмейді", - деп атап көрсетті Аймағамбетов.
Осы орайда министр жас мамандарға қатысты талаптың күшейтілгенін де еске салды. Былтырдан бастап жас педагогтар мектепке жұмысқа тұру үшін тестілеуден өтеді. Оның нәтижесі көңіл көншітерлік емес.
"Өткен жылы 33 мыңға жуық адам тест тапсырған. Олардың 90 проценті наразы болды. Бірақ тест кезінде түлектердің көбісі төрт жыл бойы математика факультетінде оқыса да, мектеп бағдарламасы бойынша өте алмады", - дейді Аймағамбетов.