Атырау облысында арнасынан асқан өзен суы үйлерге жетті

Ең қауіпті учаскедегі жеті ауылдың тұрғын үйлерін қорғау үшін топырақ үйіндісін салу жұмыстары жүргізіліп жатыр
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 21 cәуір – Sputnik. Атырау облысында Жем өзенінің су деңгейі көтеріліп, бірнеше ауланы басып қалды.
"21 сәуір күні сағат 05.57-де Жылыой ауданы Құлсары қаласының жеті ауылында Жем өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты үш ауланы су басты. Үш үйдің он тұрғыны эвакуацияланды", - делінген облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасында.
Ең қауіпті учаскедегі жеті ауылдың тұрғын үйлерін қорғау үшін топырақ үйіндісін салу және құм салынған қаптарды төсеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Су тасқынымен күреске Атырау облысы төтенше жағдайлар департаменті (25 қызметкер және 3 бірлік техника), жергілікті атқарушы орган (30 қызметкер және 1 бірлік техника), аудандық полиция бөлімі (20 қызметкер және 6 бірлік техника), "Казкомсервис" ЖШС (9 қызметкер және 9 бірлік техника), "Жылыой-Су" ЖШС (3 қызметкер және 3 бірлік техника), "Жылыой-Газ" ЖШС (3 қызметкер және 3 бірлік техника), "Жылыой-Мұнай-Газ" ЖШС (2 қызметкер және 2 бірлік техника) жұмылдырылды.