НҰР-СҰЛТАН, 21 сәуір – Sputnik. Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов өзіне тағылған айыпқа жауап берді.
Бұған дейін Mudarabaн Capital қаржы пирамидасына алданған Бағила Досмайылова өзін өртеп, ауруханаға түскеннен кейін полиция қылмыстық істі жабуға тырысып жатқанын мәлімдеді.
"Бүгінде 14 адам күдікті деп танылды. Олардың ішінде 10 адам қамауға алынды. Ондай қылмыстық істі қалай жабуға болады? Мен тергеу органына тікелей қатысы бар адам ретінде 14 адамның күдікті ретінде танылғанын айтып отырмын ғой. Арасында Досмайылова айтқан тұлғалар да бар. Барлығы қамауға алынды", - деді Әбдірахманов арнайы брифингте.
Оның айтуынша, Бағила Досмайылова өз-өзін өрттемей тұрып вайнерлерді қамауға алуды талап еткен. Себебі олар қаржы пирамидасы туралы ақпаратты таратуға қатысқан. Бірақ ауруханаға түскеннен кейін ойын өзгертіп, полицияны айыптай бастады.
"Оның өз пікірін не себепті өзгерткенін білмейміз. Тексеріс жүргіземіз. Себебі ол жәбірленуші болып саналады. Оған қоса, медициналық мекемеде емделіп жатыр", - деп атап өтті Әбдірахманов.
Полиция бастығының орынбасары өз болжамын да айтты. Оның ойынша, Бағила Досмайылованың шығыны өтелуі мүмкін.
Ресми мәліметке сәйкес, полицияға 169 адам арызданған. Сот-экономикалық сараптама кезінде қаржы пирамидасының кесірінен 5 миллиард теңге залал келгені анықталды.