НҰР-СҰЛТАН, 20 сәуір – Sputnik. Шымкентте автосалондардың бірінен құны 28 миллион теңге тұратын көлік ұрланды.
Автосалон әкімшілігі ревизия жүргізу барысында көліктердің бірінің жоғалғанын анықтаған. Қызметкерлер оқиға туралы дереу полицияға хабарлады.
Криминалдық полиция қызметкерлері автодүкен қызметкерлері мен куәгерлерден жауап алып, Жедел басқару орталығының инспекторлары көше бойында орнатылған бейнебақылау камераларын тексерді. Нәтижесінде тәртіп сақшылары екі сағаттың ішінде Бәйдібек би көшесінің бойымен келе жатқан ұрланған шетелдік көлікті анықтады.
Ұрыны полиция қызметкерлері қолға түсірді. Көлік салонға қайтарылды.
Қазір іс сотқа жіберілді. Кінәлі адам екі жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.