Мәжіліс 2022 жылғы бюджетке түзету енгізген заң жобасын мақұлдады: ақша қайда жұмсалады

Үш жылдық бюджетте қаңтар оқиғасының салдарын жоюға және дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруға қажет қаражат қарастырылып отыр
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 20 сәуір – Sputnik. Парламент мәжілісі 2022- 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Заң жобасы Қазақстанның 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы аясында макроэкономикалық көрсеткіштер болжамын нақтылауға байланысты әзірленді.
Мәжіліс қорытындысында айтылғандай, президент тапсырмаларын іске асыруға 1,8 триллион теңге бөлінеді. Оның ішінде:
қаңтар оқиғаларының салдарларын жоюға – 37 миллиард теңге;
күш құрылымдары мен төтенше жағдайлар органдарының жауынгерлік әзірлігін және жарақтандырылуын арттыруға – 441 миллиард теңге;
халықтың кірісін арттыру жөніндегі іс-шараларға – 197 миллиард теңге;
өңірлерді дамытуға арналған шығыстарға – 475 миллиард теңге;
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары аясында іс-шараларға – 238 миллиард теңге;
Үкіметтің іс-қимыл бағдарламасы аясындағы іс-шараларға – 475 миллиард теңге;
президент бастамаларына арналған резервті азайтуға – 71 миллиард теңге бағытталды.
Бағдарламалық құжаттардың (сайлауалды бағдарлама мен ұлттық жобалардың) шараларын жүзеге асыруға 98 миллиард теңге бөлінеді. Қосымша шығыстар жергілікті және республикалық жолдарды дамытуға, сондай-ақ су ресурстары саласындағы шараларға жұмсалады.
Әлеуметтік төлемдерді индекстеуге 117 миллиард теңге қарастырылған. Нәтижесінде зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері өседі.
Сондай-ақ теңгеге қатысты доллар бағамының өзгеруіне байланысты шығыстарға 56 миллиард теңге көзделіп отыр.
Бұрын қабылданған кезек күттірмейтін міндеттемелерді іске асыруға 377 миллиард теңге бағытталды.
Номиналды ЖІӨ 2022 жылы 91 543,9 миллиард теңге көлемінде болжанып отыр, ол мақұлданған болжамнан 4 468,3 миллиард теңгеге жоғары. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 10 332,4 АҚШ долларын құрайды.
2022 жылға арналған республикалық бюджет тапшылығы 2,9 триллион теңге немесе ЖІӨ-ні бағалауға қатысты 3,3% мөлшерінде айқындалды.
Бұған қоса, Ұлттық қордан 2022 жылға арналған кепілдендірілген трансферт 1,6 триллион теңгеге ұлғайып, 4 триллион теңгені құрайды.
Республикалық бюджеттің нақтыланған шығыстары 2,7 триллион теңгеге артып, 18,8 триллион теңге көлемінде болжануда.
Мәжіліс үш жылдық бюджетке енгізілген түзетулерді мақұлдады.