НҰР-СҰЛТАН, 20 сәуір – Sputnik. Түркістан облысындағы Алмалы ауылында соңғы бес жылдың ішінде бірде-бір қылмыс тіркелмеген, деп хабарлады Түркістан облысының әкімдігі.
Үлгілі ауыл Жетісай ауданындағы Мақталы ауылдық округіне қарайды. Ауылда алкольді ішімдіктер мүлдем сатылмайды.
Бірлігі жарасқан халық барлық мәселені ақсақалдар арқылы шешіп отырады.
"Алмалы ауылында 150-ден астам шаңырақ бар. Шамамен, мыңнан астам адам тұрады. Барлығы мал ұстайды. Ауыл билері болған марқұм Елеусін мен Асан ақсақалдарымыз бас болып, ішімдіксіз ауыл бастамасын көтерген еді. Содан бері бес жыл өтті. Осы уақыттың ішінде ауылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Бұған халықтың ауызбіршілігі және тиісті қабылдаған шаралар ықпал еткен", - дейді ауыл әкімі Мейрамбек Қыдырқожаұлы.
Қазіргі кезде ауылда үш дүкен бар. Бірақ ешқайсысында алкоголь ішімдіктері сатылмайды.
"Біздің мақсатымыз – жастарға дұрыс бағытта тәрбие беру", – дейді ауыл әкімі.
Ауылда отбасылық кикілжіңдер де азайып, соңғы 2 жылда ажырасу мүлдем тіркелмеген.
"Осындай істерді көптеп насихаттап, өскелең ұрпақтың кемелді болашағына жұмыс істеу біздің азаматтық парызымыз", – деп атап көрсетті Алмалы ауылының қазіргі биі, батагөй Нұржан қария.