НҰР-СҰЛТАН, 20 сәуір – Sputnik. Петропавл қаласының тұрғыны алаяқтарға 10 миллион теңгеге алданып қалды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Алаяқтар екі рет қоңырау шалған. Алдымен біреуі банк менеджері ретінде хабарласып, әйелдің атына біреудің ірі мөлшерде несие рәсімдеп жатқанын айтқан.
Петропавл тұрғыны заңсыз несие туралы ештеңе білмейтінін айтқан. Сол кезде алаяқ бірнеше минуттан кейін "банктің қауіпсіздік қызметінен" хабарласатынын жеткізді.
Екінші алаяқ WhatsApp-қа қоңырау шалды. Оның сөйлеу мәнері және банк ішіндегі тергеу туралы сөздері шынайы болып көрінді. Әйел сеніп қалды. Содан "қауіпсіздік қызметкері" заңсыз әрекетті тоқтату үшін банктен ірі мөлшерде кредит алып, ақшаны қосалқы есепшотқа жіберуге тапсырма берді.
"Ол әйел интернет-алаяқтық туралы білген. Бірақ онымен ресми тілде сөйлескен алаяқ сенімге әбден кіріп алды. Әңгіме кезінде "заңсыз әрекетке" банк қызметкерлерінің қатысы бар болуы мүмкін деп айтқан. Сосын банк қауіпсіздігі тергеу жүргізіп жатқанын алға тартып, кредит алғанда "қылмыскерлерді үркітіп алмау үшін" ешкімге ештеңе айтпау қажеттігін жектізді. Әйел оны естіп, барлық тапсырманы бұлжытпай орындаған", - дейді полицейлер.
Осылайша, қала тұрғыны банктен 4,5 миллион теңгені кредитке ресімдеп, жинаған ақшасымен бірге алаяқтар айтқан есепшотқа аудара салған.
Қылмыскерлер әйелдің айтқандарына көнетінін пайдаланып тағы бір банкке жіберген. Сөйтіп, ол кредиттің де ақшасын аудартқызған. Әйел бірнеше күннен кейін ғана алаяқтарға алданғанын түсініп, полицияға арыз түсірді.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Шығын сомасы 10 миллионға жуық теңгені құрайды.
Бұл - жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысында алаяқтармен жасалған ең ірі қылмыс.
Полиция банктен қоңырау шалатын адамдарға сенбеуге шақырып отыр. Егер есепшоттағы қаражатқа қатысты күмән болса, банктің өзіне барған дұрыс.