НҰР-СҰЛТАН, 20 сәуір – Sputnik. Атырау облысында тасқын салдарынан жолдары жабылған ауылдарға көмек көрсетіліп жатыр.
Қызылқоға ауданында Миялы-Қарабау-Индер тас жолы жырылғаннан кейін су деңгейі төмендеді, деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаменті.
"Миялы ауылының 6 ауылдық округтермен байланыс үзілген жоқ. Шұғыл шаруалары бар тұрғындарды қайықпен өткізу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге дейін, құтқарушылар 1885 адам, оның ішінде 52 бала, 3 сәби тасымалдады", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, елді мекендерге азық-түлік өнімдерін тасымалдау жұмыстары ұйымдастырылған.
Аудандық полиция бөлімінің күшімен қоғамдық тәртіпті сақтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.